Ассаляму алейкум аса қадірлі жамағат! Қасиетті Рамазан айы құтты болсын. Алла елімізге тыныштық, береке-бірлік берсін. Ұрпағымыз иманды, саналы, парасатты болсын. Дархан даламызда тыныштық мәңгілікке орын алсын.
******************************************************
29 –мамыр күні Астана қаласына іссапармен келдік. Түске дейін шаруаларымызды бітіріп, жұма күні болғандықтан алдымен мешітке барайық деп шештік. Сөйтіп Әзірет Сұлтан мешітіне барып бесін намазын оқып, сосын қасымдағы апайлар Құран бағыштаймыз деп төмен түсіп Құран бағыштаттық.
Төмен түсіп келе жатқан кезде дүкенде сатылып жатқан кітаптарға көзім түсті. Қатты қызықтым, кітаптарды сатып алайын деп едім, бірақ іссапарда жүргендіктен қалтамдағы ақшам кеткенімше жетпей қалады ма деп оны ойладым. Не керек кететін кезде міндетті түрде келіп сатып аламын деген оймен мешіттен шығып кеттік. Қасымда Астанаға алғаш келген апайлар болған соң олар қаланы аралаймыз деп кетіп қалды. Ал мен қонақ үйге тарттым. Қонақ үйге келіп жайланып телефонымды алып екі күннен бері кірмеген islam.kz порталына кіруді жөн көрдім. Жаңа блогтарды оқыдым, содан соң барып жаңалықтарды оқыдым. Екі күн бұрын жарияланған «Порталымыздың белсенді блогерлері анықталды» деген жаңалықты көзім шалып қалды. Ашып оқиын деп жатқанда ішімнен ойладым, белсенді блогерлерге қандай күшті енді сыйлық беретін шығар деп ойладым. Содан оқып келе жатып өзімнің аты-жөнімді де көзім шалып қалды. Өз көзіме өзім сенбеймін, әлгі жаңалықты қайта ашып оқимын. Сөйтсем сыйлыққа бес кітап беріледі екен. Содан не керек сол бес кітапты Алматыға келген соң 15-маусымда «Көкжиек» баспасына барып, үйдегі кітап сөресіндегі жоқ кітаптарды қолыма түсірдім. Аллам менің мешіттегі тілегімді қабыл етіпті оған да шүкір.
Islam.kz порталының ұжымына алғысым шексіз, жасап жатқан еңбектеріңіз үшін Аллам Фирдаус Жаннатын нәсіп етсін.